Нұрбол Қалдыбеков
Философия, саясаттану және дінтану
институтының ғылыми қызметкері
12 сәуір – Қазақстанда ғылым саласы қызметкерлерінің күні. 2011 жылы экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев жарлық шығарып, 12 сәуірді ғылым қызметкерлерінің күні ретінде бекітті. Мерекені атап өту 2012 жылдан басталды. Дәл осы күні қазақ академигі, ғалым-геолог әрі Қазақстан ғылым академиясының тұңғыш президенті Қаныш Сәтбаев дүниеге келген екен. Құрметті әріптестер, барлықтарыңызды ғылым саласы қызметкерлер күнімен құттықтаймын. Табысты болыңыздар.
Әлемдегі елдердің бір-бірінен озықтығы жер астындағы қазба байлықтарымен емес, ондағы адам капиталының орташа даму көрсеткішімен анықталады. Демек, Қазақстанда Менделеев кестесінің барлық элементі бар деген әңгіме бірінші кезекте мақтанатын дүние емес. Қазіргі уақытқа дейін біздің қоғамда адамдардың аксесуармен жарысуы басым болып келді. Материалдық жағдайдың көрсеткіші адамның құнын анықтайды. Ендігі кезекте біз ел боламыз десек, басқа нәрсемен, яғни жарысуға тұратын дүниеде жарысуға тиіспіз. Хәкім Абай «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық» дейді.
Біздің қоғамда қазір әртүрлі саладаға азаматтар жаппай кітап шығара бастады. Бұл үрдіс соңғы бес жылда назарға іліге бастады. Бірақ қоғамда «кім болса сол кітап жазып кетті» деген пікірлер жиі айтылады. Біздіңше қандай сапада болсын жазыла бергені жақсы. Уақыт өте келе сан сапаға айналады.
Адамдары бақытты өмір сүретін 50 мемлекеттің кітап шығару бойынша UNESCO мен басқа да тәуелсіз статистика агенттіктері жасаған есептерді қарағанымызда, қызық мәліметке кезіктік. Жалпы, қазіргі таңда жақсы өмір сүріп жатқан дамыған елдердің барлығында дерлік бүкіл халық санына шаққандағы авторлардың үлесі ең кемі 0.05% екен. Яғни, халықтың саны 10 млн болса, ол елде кемі жылына әртүрлі тақырыпта 5 мың жаңа кітап немесе 4 мың автор еңбек етуі керек. Сонда ғана ол ұлтты интеллектуал тұрғыдан бәсекеге қабілетті ұлт деп айта аламыз. Ал, толыққанды интеллектуал ұлт болу үшін бұл көрсеткіш кемі 0.1% болуы керек.
Еншеде, интеллектуалды бәсекеге қабілетті 10 мемлекеттің тізіміне қарап шықсақ:
Ұлыбритания – 0.3%
Финляндия – 0.26%
Сингапур – 0.24%
Тайуан – 0.22%
Алмания – 0.12%
Франция – 0.12%
Израил – 0.13%
Түркия – 0.1%
Корея – 0.1%
АҚШ – 0.1%
Енді Қазақстанға оралайық. Бізде орта есеппен кітап нарығында белсенді авторлардың саны 50-60 ден аспайды. Біздің елдің халық саны 19 млн. болса, бұл 0.001 %-ға да жетпейді деген сөз. Бұл катастрофа, түсінген адамға.
Бізді тығырықтан шығаратын нәрсе интеллектуал азаматтар, әсіресе жастар. Сондықтан бізде әр азамат өз саласы бойынша кітап жазуға, интеллектуалды өнім өндіруге талпынуы керек деп есептеймін. Соңғы жылдары мемлекет тарапынан ғылым саласына бөлінетін қаржының көлемі де едәуір ұлғайды. Бұл құптарлық әрекет. Енді оны тиімді қолданып, ғылымды дамыту қажет.