Нусипова Г.И. ҚР ҒЖБМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институтының жетекші ғылыми қызметкері, PhD
2023 жылғы 9 қаңтардағы «Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің кейбір бұйрықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» № 7 бұйрығында қазақ философиясы, қазақ филологиясы және Қазақстан тарихы мамандықтары бойынша диссертация қорғайын деп жүрген PhD докторанттарына қойылатын талаптарға сәйкес өзгерістердің енгізілуіне өз басым қатты ризашылығымды білдіргім келеді. Атап айтсақ, Scopus дерекқорында индекстелген шетелдік рецензияланған ғылыми журналдарда міндетті түрде мақала жариялаудың күшін жоюы. Бұл өзгерістер қазақ мәдениеті саласындағы болашақ мамандар үшін өте маңызды, өйткені қазақ философиясындағы, филологиясындағы және тарихындағы мәселелердің ерекшеліктері қарастырылып және зерттелетін мақалаларды жариялау өте қиын, тіпті мүмкін емес деуге болады. Өйткені шетелдік рейтингтік журналдар осы нақты салаларда сарапшы-рецензенттердің жоқтығына сілтеме жасай отырып, мұндай танымдық жұмыстарды басып шығаруға ниет танытпайды.
Менің өзім жақында қорғаған PhD қатарынан болғандықтан бұл шешім қазақстандық ғылымның игілігі үшін жасалған өте тиімді және тек қана қолдауға, құптауға болатын шешім деп есептеймін. Сонымен қатар қазіргі кезде Диссертациялық кеңестер тек университеттерде ғана жұмыс жасайды, бұл жеткіліксіз. Ғылыми-зерттеу институттарында да Диссертациялық кеңестер ашылса деген ұсыныс айта отырып, мұндай Диссертациялық кеңестердің ашылуы ғылымның дамуына және қазақстандық жас ғалымдар мен зерттеушілерді қолдауға ықпал ететіні сөзсіз деп білемін.