Сатершинов Бакытжан Меңлібекұлы - Философия, саясаттану және дінтану институты, Дінтану орталығының бас ғылыми қызметкері ,философия ғылымдарының докторы, профессор.
Бүгінгі замандағы адам өмірінің барлық қырын қамтыған өзгерістердің қарқындылығы барынша шапшаң. Қазақ халқы тұрақтылықпен сипатталатын дәстүрлі («мұңсыз, қамсыз») қоғамда жайбарақат өмір сүрген екен. Құдайдан «жас баладай қайғысыз қыла гөр» деп тілейді екен. Қаламен салыстырғанда далаға жаңалық жайымен жететін. Десек те, халқымыз «елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» деген қанатты сөз қалдырып кеткен.
Қазіргі жаһанданған ашық қоғамды «ақпараттық қоғам» деп атайды. Ақпараттық технологиялық төңкерістің нәтижесінде әлемнің кез келген түкпіріндегі жаңалық бүткіл дүниеге әп сәтте тарайтын болды.
Ақпараттық қоғамның заңдылықтары өмірге тез еніп кетті. Қарым-қатынастың тәртібі мен тәсілі өзгерді, ол нақты өмірден виртуалды болмысқа көшіп алды. Әсіресе, әлеуметтік желілерге «өшпенділік тілі» жайғасып алды. Білім мен ақпарат ұғымдарының арасы алшақтады. Бұл түсініктердің түбірін құрайтын құрал ретіндегі сөз бен тілдің мақсатты қолданысы ауытқыды. Ақыл үйретіп, ақша табатын «мотиваторлар» көбейді. Көсемсөзде популист саясаткерлер мен блогерлер тар мүддеге бола шынайылық ұғымының өңін айналдырып жіберді. Тіпті шын сөйлеудің өзі аңқаулық пен ақымақтыққа телініп бара жатқандай. Нәтижесінде қарапайым адам «фейк жаңалықтардың» ақпараттық тасқынына қарсы тұра алмайды, деректердің анық-қанығын тексеріп жатпастан әдейі құрастырылған күмәнді мәліметтерді (шындық) жаңалық ретінде қабылдайды.
Жалған ақпарат қоғамдық санаға ықпал етудің қуатты құралына айналды. Ақырында «ақпараттық соғыс», «ақпараттық қауіпсіздік» ұғымдары да қиялдан амалға айналды. Мұның мысалын Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс салдарынан қоғамдық пікірдің екіге жарылуынан байқауға болады. Бұл мемлекеттің беріктігі мен қоғамның тұтастығына зор нұқсан келтіреді.
Осындай жағдайда не істеуге болады? Әрине, қол қусырып қарап отыруға болмайды, мұндай ахуалдың алдын алмаса, арты ауыр салдарға әкелуі мүмкін. Құқықтық мемлекет азаматтық қоғам институттарымен қоян-қолтық жұмыс жасауы тиіс. Саяси бірлестік ретінде кез келген мемлекеттің өзін өзі легитимді жариялауы тұрғылықты әлеуметтің ұлттық және діни мүдделерінен туындайды. Ел мен жердің, тіл мен тіннің, дін мен ділдің, дәстүр мен мәдениеттің ортақтығынан туындаған, бұл іргелі құндылықтарды қалпына келтіруге деген талаптарға мемлекет құлақ түруі керек. Оны «ұлтшылдықпен» айыптаудың еш жөні жоқ, өйткені бұл табиғи да заңды талаптар.
Мемлекет зайырлы болғанымен, ол басым көпшілігі дін ұстанатын қоғамның талаптарын кері ығыстыра алмайды. Дін ұстану да ар-ождан бостандығы тәрізді адам мен азаматтың табиғи әрі іргелі құқығы. Сондықтан мемлекет діннің ішкі ісіне араласпаса да, оның құқықтық аясын қадағалап отырады. Шектен шыққан әрекетін заңмен тыйып, жауапкершілікке тарта алады. Сонымен қатар, мемлекет қоғамның тыныштығы үшін діннің адамгершілік, этикалық әлеуетін қолдана алады.
Жалған ақпарат жарға шығады. «Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» дейді қазақ даналығы. Бүгінгідей жалған ақпар беру, жала жабу, кекету, мұқату, өсек, өтірік, ғайбат айту қаптаған заманда оған діни құндылықтар арқылы қарсы тұруға болады. Сол себепті дін саласындағы мемлекеттік саясаттың құзырлы органдары діни бірлестіктерді салауаттандыру жұмысына тарта алады. Мысалы, ҚМДБ ұсынған ихсан ілімін насихаттау әлеуметтік желілердегі тіл тазалығын сақтауға септігін тигізер еді. Ислам діні тілден келетін зардаптардың зиянын аят-хадиспен дәлелдеп, адамды көп және бос сөйлемей, шын сөйлеуге, өзгенің шамына тимей әдеп сақтауға, орнымен айтып, сыр сақтауға үйретеді.