← Назад к списку

Мысыр Араб Республикасы, Каир қаласына жасаған ғылыми іс-сапардың есебі

    2021 жылдың 28-қазаны мен 03-қараша аралығында ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институтының Дінтану орталығының директоры Б.М. Сатершинов пен орталықтың ғылыми қызметкері Н.С. Калдыбеков «Дәстүр мен жаңашылдықтың діни қырлары: өткені, бүгіні мен болашағы» гранттық жобасы аясында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін Мысыр Араб Республикасы, Каир қаласында ғылыми іс-сапарда болдық. Жобаның күнтізбелік жоспарында іс-сапар Швеция еліне жоспарланған болатын. Қазіргі таңдағы пандемия жағдайына байланысты Швеция еліне бару мүмкін болмады. Осы іс-сапарды біз институттың Бас директорының атына қызметтік хат жазу арқылы Мысыр Араб Республикасына ауыстырған болатынмыз.

    Іс-сапарымыз Қазақстанның осы елдегі елшісі Қайрат Лама-Шариф мырзамен кездесуден басталды. Талай жылдан бері бірқатар Таяу Шығыс елдерінде елшілік қызмет атқарып жүрген тәжірибелі дипломат ретінде Қайрат Қайырбекұлы зерттеу жұмысымызда көтерілген мәселе бойынша құнды пікірін ортаға салды. Таяу Шығыс елдерінің және Орта Азия мемлекеттерінің дінге қатысты саяси тәжірибелерінен біз алатын сабақты тілге тиек ете отырып, қазақ халқы өзінің сан ғасырдан бері ұстанып келе жатқан дәстүрлі дінін жаңғыртуы қажет екенін алға тартты.

    Жуырда ғана тағайындалған ҚМДБ-ның Мысырдағы ресми өкілі Руслан Серғазиевпен кездесіп, осы елде діни білім алып жатқан қазақ жастардың тыныс-тіршілігімен танысып, шетелде діни білім алудың ерекшеліктері талқыладық. Руслан Серғазиев Мысырда білім алып жатқан жастардың әртүрлі идеологиядан әсерленіп, дәстүрлі діни ұстанымнан алыстамауын қадағалайтынын айтты.

    Әл-Әзһар университеті Шариғат және заң факультеті деканының орынбасары, профессор Ато әс-Сынбати мырзамен кездестік. Ол кісімен де зерттеу жұмысымыз бойынша пікір алмастық. Болашақта ортақ ғылыми жобаларды жүзеге асыру жайын талқыладық. Аталмыш университеттен білім алып шыққан түлектердің еліміздің рухани-ағартушылық өміріне оң әсерін атап өттік. Ислам әлемінде діни санаға сілкініс жасаған Жамалуддин Ауғани, Мұхаммед Абдуһ секілді реформатор ғалымдардың көбі осы Мысыр елінде өмірінің белгілі бөлігін өткізгені тарихтан белгілі. Жоба аясындағы зерттеу жұмысымызда біз осы ғалымдардың еңбектеріне тоқталамыз. Сапар барысында аталмыш ғалымдардың еңбектеріне қатысты бірқатар зерттеу жұмыстарына қол жеткіздік. Мұхаммед Жабири мен Жамалуддин Ауғанидің ой-пікірін салыстыра отырып зерттеген Мұхаммед Имара деген ғалымның кітаптарын алып келдік.

    Іс-сапар барысында Александрия қаласына да бардық. Антикалық дәуірде бұл қалада әлемдегі ең үлкен кітапхана болғаны белгілі. Сол кітапханаға барып, материалдар қарадық. 8 млн кітап қоры бар өте бай кітапхана екен. Ол жердегі әдебиеттер негізінде араб, ағылшын және француз тілдерінде екен.

ҚР БҒМ ҒК ФСДИ Бас ғылыми қызметкері - Б. Сатершинов

ҚР БҒМ ҒК ФСДИ ғылыми қызметкері - Н. Калдыбеков 


← Назад к списку