← Назад к списку

Өзбекстан Республикасы Ташкент қаласына жасаған ғылыми іс-сапардың есебі

    2021 жылдың 26-29 қазан аралығында ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институтының Философия орталығының аға ғылыми қызметкерлері Нүсіпова Г.И., Рахметова Ж.Ә. «Абайдың философиялық іліміндегі “толық адам” тұжырымдамасы және қазіргі заман» (2020-2022 жж.) гранттық жобасы аясында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін Өзбекстан Республикасы Ташкент қаласында ғылыми іс-сапарда болдық. Бұл сапар жобаның күнтізбелік жоспарына және ҚР БҒМ ҒК ФСДИ бекіткен 2021 жылға арналған бюджеттік өтініміне енгізілген.
    Зерттеудің негізгі әдісі Өзбекстанның философиялық ойын зерттейтін сарапшы мамандармен тереңдетілген сұхбаттар мен диалогтар болды. Қазақстан мен Өзбекстан философтары арасындағы байланыстың мәдени-тарихи негіздері Орталық Азия аумағында орналасқан біздің халықтардың өзара әрекеттестігі мен өзара байланысы арқылы ежелгі дәуірден бастау алады. Бұл байланыстар кеңестік дәуірде де жалғасты, дегенмен сол кездегі өңіріміздегі халықтардың санасын идеологияландыру екі елдің философтарының ынтымақтастығында да өз ізін қалдырды. Мемлекеттеріміздің тәуелсіздік алу кезеңінде Қазақстан мен Өзбекстан философтарының өзара іс-әрекеттері мен бірлескен зерттеулері үшін қолайлы жағдайлар жасалды.
    Өзбек әріптестерімізбен сұхбаттасу, әңгімелесу барысында қазақ және өзбек халықтарының ұлы ойшылдарының мұрасын зерттеу екі ел философтарының ынтымақтастығы мен бірлескен зерттеулерінде маңызды рөл атқаруы керек деген ортақ шешімге келдік. Халықтарымыздың дүниетанымының іргетасын құрайтын маңызды идеялардың қатарына қазақ халқының ұлы ойшылы Абай айтқан «толық адам» тұжырымдамасы жатады. Өзбекстандық әріптестер де Әлішер Науаидан бастап, өзбек философтары мен ойшылдарының ұқсас идеяларына назар аударды. Бұл идеялар тек өткенмен ғана байланысты емес, сонымен қатар біздің елдеріміздің қазіргі қоғамында да өзектілігін жоғалтқан жоқ.
    Ташкентке жасалған іс-сапардың маңызды нәтижесі ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институты мен Өзбекстанның екі жетекші ғылыми орталығы арасында ынтымақтастық туралы меморандумдардың жасалуы болды. Институтымыздың «Білім карвони» ғылыми орталығымен (жетекшісі Ф. Толипов) және «Мано» ғылыми-зерттеу бастамалары орталығымен (жетекшісі Б. Эргашев) ынтымақтастығы болашақта біздің ғалымдарымыздың Өзбекстанда ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуіне ғылыми және ұйымдастырушылық жағдайлар жасайды деп сенеміз.

ҚР БҒМ ҒК ФСДИ аға ғылыми қызметкері - Г. Нүсіпова

ҚР БҒМ ҒК ФСДИ аға ғылыми қызметкері - Ж. Рахметова

← Назад к списку