Сарапшылық кездесу
26.03.2026
Философия, саясаттану және дінтану институтының қабырғасында «Қоғамдық пікір» институтының талдаушы-әдіскері, антропология және этнология магистрі Қаламқас Есімованың қатысуымен сарапшылық кездесу өтті.
Іс-шара барысында Қытай Халық Республикасындағы жастарды зерттеудің заманауи тәсілдері мен мемлекеттік жастар саясатын іске асыру ерекшеліктеріне арналған «ҚХР-дағы жастарға қатысты әлеуметтанулық зерттеулер» тақырыбында презентация ұсынылды. Талқылауға қазақстандық сарапшылар - Марат Шибутов, Ботагөз Рақышева, Наталья Малярчук және Герман Ким қатысып, пікір алмасты.
Кездесу барысында 2017 жылы бекітілген «Жастарды дамытудың орта және ұзақ мерзімді жоспары (2016–2025 жж.)» ерекше назарға алынды. Құжат 14–35 жас аралығындағы жастарды қамтиды және білім беру, жұмыспен қамту, денсаулық сақтау, әлеуметтік интеграция және жастардың құқықтарын қорғау сияқты мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын белгілейді.
Кездесу аясында ұсынылған мәселелер бойынша пікір алмасу өтіп, қатысушылар жастар саясатын іске асырудың жекелеген аспектілерін және жастарды әлеуметтанулық зерттеу тәсілдерін талқылады.
Сондай-ақ, жастар саясатының ұлттық әлеуметтік-экономикалық бағдарламалармен үйлесімділігі және қойылған міндеттердің тиімді жүзеге асырылуын қамтамасыз ететін ведомствоаралық үйлестіру мен мониторинг тетіктерінің бар екендігі атап өтілді.