Сарапшылар Құрылтайға сайлаудың «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасын жүзеге асырудағы рөлін талқылады
07.08.2026
Бүгін Философия, саясаттану және дінтану институтында «Құрылтайға сайлау – Әділетті Қазақстанды жүзеге асырудың жаңа кезеңі» тақырыбында сарапшылық отырыс өтті.
Іс-шараны Философия, саясаттану және дінтану институтының Салыстырмалы саяси зерттеулер орталығы мен Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының Қоғамдық даму орталығы бірлесіп ұйымдастырды.
Жиынға Философия, саясаттану және дінтану институтының бас директоры Айгүл Садвокасова құттықтау сөз сөйледі. Сарапшылық отырысты Институттың Салыстырмалы саяси зерттеулер орталығының жетекшісі Айдар Әмребаев жүргізді.
Сарапшылық алаң жұмысына «Альтернатива» өзекті зерттеулер орталығының директоры Андрей Чеботарев, ФСДИ бас ғылыми қызметкері Асқар Шоманов, «Мир Евразии» ақпараттық-талдамалық журналының президенті әрі бас редакторы Эдуард Полетаев, тәуелсіз саясаттанушы Асқар Нұрша, сондай-ақ еліміздің жетекші сарапшылары қатысты.
Пікірталас барысында қатысушылар алдағы Ұлттық Құрылтайға сайлаудың саяси реформаларды жүзеге асыру және «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасын іске асыру аясындағы маңызын талқылады. Сонымен қатар Құрылтайдың қоғамдық диалогты дамытуға, мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға, сондай-ақ мемлекеттік саясаттың өзекті бағыттары бойынша ұсыныстар әзірлеуге ықпал ететін тиімді алаң ретіндегі рөліне ерекше назар аударылды.
Сарапшылар елімізде жүзеге асырылып жатқан саяси реформалардың ашықтық, есептілік қағидаттарын нығайтуға және азаматтардың қоғамдық-саяси үдерістерге қатысуын кеңейтуге ықпал ететінін атап өтті. Олардың пікірінше, Ұлттық құрылтайды қалыптастыру тетіктерін одан әрі жетілдіру қоғамдық өкілдіктің сапасын арттырып, мемлекет пен қоғам арасындағы сындарлы диалогтың тиімділігін күшейтеді.
Жиын қорытындысы бойынша қатысушылар саяси жаңғырту, қоғамдық қатысу институттарын жетілдіру және «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасын одан әрі жүзеге асыру мәселелері бойынша сарапшылық пікір алмасуды жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.