САРАПШЫЛАР ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ ЖОБАСЫНЫҢ КОНСТРУКТИВТІ СИПАТЫН АТАП ӨТТІ
24.02.2026
2026 жылғы 24 ақпанда Алматы қаласында «Қазақстанның Жаңа Конституциясы - қоғамның топтастырушы әлеуеті» тақырыбында сарапшылық талқылау өтті. Іс-шараны ҚР ҒЖБМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институты (ФСДИ) ұйымдастырды. Жиынға Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры Луиза Узарова, ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының Алматы қаласындағы Өкілдігінің жетекшісі Әсел Назарбетова, сондай-ақ Институттың ғылыми қызметкерлері қатысты.
Философия, саясаттану және дінтану институтының бас директоры Айгүл Садвокасова өз сөзінде: «Конституция жобасы қоғамдық келісім үшін айқын бағдарларды белгілейді, олар - адам құқықтары мен бостандықтары, заң үстемдігі және институттардың жауапкершілігі. Конституциялық қағидалар неғұрлым нақты болса, қоғамдағы сенім деңгейі мен институттардың тұрақтылығы соғұрлым жоғары болады», - деп атап өтті.
ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының Алматы қаласындағы Өкілдігінің жетекшісі Әсел Назарбетова өз сөзінде саяси менеджмент жүйелеріне жүргізілген салыстырмалы талдау нәтижелері тұрақты саяси жүйелердің берік конституциялық негіздер мен айқын әрі институционалданған «ойын ережелеріне» сүйенетінін дәлелдейтінін атап өтті. Оның пайымдауынша, референдумға ұсынылған жаңа Конституция жобасы құқықтық мемлекеттілікті нығайтуға, мемлекеттік басқарудың тиімділігі мен сапасын арттыруға елеулі институционалдық әлеуетке ие.
ФСДИ Дінтанулық зерттеулер орталығының бас ғылыми қызметкері Анатолий Косиченко жаңа Конституция жобасының қоғамдық өмірдің моральдық негіздерін нығайтудағы маңызын атап өтті. Оның айтуынша, бұл негіздер адам қадір-қасиетін құрметтеу, өзара жауапкершілік және диалог мәдениеті сияқты құндылықтарды қамтиды. Діннің оң рөлі руханиятты, мейірімділік пен ынтымақтастықты қолдаудан көрінеді, бұл қоғам бірлігін сақтауға ықпал етеді.
Сарапшылар жаңа Конституция жобасына оң баға беріп, оның қазақстандық қоғамдағы келісімді нығайтуға бағытталған конструктивті әлеуетін атап өтті.