Философия, саясаттану және дінтану институты

Философия, саясаттану және дінтану институты

Философия, саясаттану және дінтану институты

Философия, саясаттану және дінтану институты

«Қазіргі қоғамдық трансформация үдерісіндегі қазақ философиясы» дөңгелек үстелі
16.09.2026
«Қазіргі қоғамдық трансформация үдерісіндегі қазақ философиясы» дөңгелек үстелі

2026 жылғы 16 қыркүйекте Философия, саясаттану және дінтану институтында «Қазіргі қоғамдық трансформация үдерісіндегі қазақ философиясы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Іс-шара «Түркі-қазақ философиялық дəстүрі: қазіргі қазақстандық қоғамның трансформациялану үдерісіндегі негізгі идеялар мен басымдылықтары» атты гранттық қаржыландыру жобасы аясында ұйымдастырылды.

Дөңгелек үстел жұмысының негізгі өзегіне М.С.Орынбековтің философиялық мұрасын талқылау мәселесі айналды. Биыл ғалымның туғанына 80 жыл толуына орай, қатысушылар оның ғылыми мұрасының қазақ философиялық ой-пікірін, ұлттық дүниетаным мен діни сананы зерттеудегі маңызын, сондай-ақ оның идеяларының қазіргі қоғамдық үдерістер аясындағы өзектілігін қарастырды.

Қатысушыларға құттықтау сөзін Институттың Бас директоры Айгүл Садвокасова арнады.

Дөңгелек үстелдің модераторы Институттың бас ғылыми қызметкері Гаухар Барлыбаева болды.

Дөңгелек үстел жұмысына философия, тарих, дінтану, саясаттану және мәдениеттану салаларындағы жетекші отандық ғалымдар мен зерттеушілер қатысты. Негізгі баяндамашылар қатарында Тұрсын Ғабитов, Мұрат Әбдіров, Мұрат Сәбит, Гүлжиһан Нұрышева, Серік Нұрмұратов, Дәулетбек Раев, Дәуренбек Құсайынов, Наталья Сейтахметова, Қайрат Затов, Нұржан Құлұмжанов, Лесхан Асқар, Бақытжан Сатершинов, Айдар Әмребаев, Алмасбек Шағырбай, Сәуле Барлыбаева, Айнұр Қазтуғанова және Аклима Омарова болды.

Іс-шара барысында түркі-қазақ философиялық дәстүрінің түрлі қырлары және оның қазіргі рухани-мәдени әрі әлеуметтік үдерістерді пайымдаудағы маңызы қарастырылды. Атап айтқанда, түркі әлемінің өркениеттік дамуына, Ш.Ш.Уәлиханов пен Ы.Алтынсариннің ағартушылық философиясына, қазақ экософиясына, философиялық ойдың адамгершілік-құндылықтық негіздеріне, сондай-ақ ұлттық дүниетаным ерекшеліктеріне назар аударылды.

Баяндамалардың жеке бір бөлігі М.С.Орынбековтің шығармашылық мұрасына арналды. Зерттеушілер оның еңбектеріндегі қазақ халқының діни танымының ерекшеліктерін, дін туралы түсініктердің эволюциясын, сондай-ақ Орынбеков идеяларының Қожа Ахмет Ясауидіңфилософиялық-діни мұрасымен сабақтастығын қарастырды.

Қатысушылар адамгершілік философиясы мәселелеріне, соның ішінде «Инсан әл-камил» және «Толық адам» тұжырымдамаларының арақатынасына, сондай-ақ ұлттық дүниетаным мен қазіргі қоғамның құндылықтық бағдарларын қалыптастыру мәселелеріне айрықша назар аударды.

Талқылаудың маңызды бағыттарының бірі қазіргі қоғамдық трансформация және цифрландырутақырыбы болды. Қатысушылар қазақ философиясының қазіргі цифрлық әлемдегі рөлін, Қазақстандағы цифрлық коммуникацияның философиялық негіздерін, сондай-ақ жасанды интеллект дәуірінде ұлттық философиялық тезаурусты қалыптастырудың өзектілігін талқылады.

Жастарға және мәдени-философиялық мұраны кейінгі ұрпаққа жеткізу мәселелеріне де ерекше көңіл бөлінді. Осы тұрғыда түркілік саяси құндылықтардың жастардың саяси санасы мен дүниетанымын қалыптастыруға ықпалы қарастырылды.

Дөңгелек үстел аясында дәстүрлі мәдениет пен өнердің философиялық мағыналарына арналған зерттеулер де ұсынылды. Қатысушылар эпикалық күйлер мен қаһармандық эпоста көрініс тапқан қазақтың философиялық дүниетанымына, сондай-ақ оның қазақ операсындағы көркемдік интерпретацияларына назар аударды.

Іс-шараның жалғасында белгілі қазақстандық ғалым, философия ғылымдарының докторы, профессор Нұрлан Қадырұлы Сейтахметовтің «Нравственный смысл германского идеализма» атты монографиясының қазақ тіліндегі «Герман идеализмінің адамгершіліктік мәні» нұсқасының тұсаукесері өтті. Монографияның қазақ тіліне аударылып ұсынылуы философиялық ойдың өзекті мәселелеріне, адамгершілік философиясына және мемлекеттік тілдегі философиялық мәдениетті дамытуға арналған ғылыми пікірталастың жалғасы болды.

Талқылау барысында түркі дәуірінің философиялық мұрасына, қазақ ойшылдары мен отандық философиялық мектеп өкілдерінің еңбектеріне жүгіну қазіргі қоғамдық трансформация жағдайында өзектілігін сақтап отырғаны атап өтілді. Ұлттық рухани мәдениетті пайымдау қазақ қоғамының құндылықтық және өмірлік мәндік бағдарларын тереңірек ашуға, сондай-ақ оларды цифрлық дәуір жағдайында дамыту мүмкіндіктерін айқындауға мүмкіндік береді.

Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша қатысушылар қазақ халқының философиялық мұрасын одан әрі кешенді түрде зерттеудің және оның қазіргі Қазақстанның зияткерлік әрі қоғамдық кеңістігіндегі маңызын пайымдауға бағытталған ғылыми зерттеулерді дамытудың қажеттігін атап өтті.