ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ПРАКТИКАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ
09.09.2026
2026 жылғы 9 қыркүйекте Философия, саясаттану және дінтану институтында «Оңтүстік Қазақстан этностық топтарының коммуникативтік тәжірибелері: сын-қатерлер мен перспективалар» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Конференция жұмысына этносаралық қатынастар, саясаттану, әлеуметтану, философия және дінтану салаларындағы қазақстандық және шетелдік ғалымдар, зерттеушілер, сарапшылар мен мамандар қатысты. Іс-шара офлайн және онлайн форматта өтіп, Қазақстанның және басқа да елдердің өкілдерін біріктірді.
▫️Конференцияны Институттың Бас директоры Айгүл Садвокасова ашты. Ол «Қазақстанның оңтүстігіндегі этникалық қауымдастықтар әйелдері: бірегейлік және күнделікті өмір» тақырыбында баяндама жасап, әйелдердің этномәдени бірегейлікті сақтаудағы және трансформациялаудағы рөліне, сондай-ақ Қазақстанның оңтүстік өңірлеріндегі этникалық қауымдастықтардың күнделікті өмір салты мен практикаларына жүргізілген зерттеу нәтижелерін таныстырды.
▫️Конференция модераторы ФСДИ бас ғылыми қызметкері Мұхтарбек Шайкемелев 2024–2026 жылдарға арналған «Қазақстанның оңтүстік облыстарындағы этносаралық қатынастар мониторингі» ғылыми жобасының қорытындыларын таныстырды.
▫️Конференцияның бірінші бөлімінде әлеуметтік-экономикалық процестер мен этносаралық қатынастардың жай-күйі арасындағы өзара байланысқа ерекше назар аударылды. ФСДИ бас ғылыми қызметкері Вячеслав Додонов Қазақстанның оңтүстік өңірлері мысалында этносаралық қақтығыстар мен әлеуметтік-экономикалық ахуалдың өзара байланысын қарастырды.
▫️Мәселенің халықаралық аспектісін Таллинн университетінің (Эстония) салыстырмалы саясат профессоры Raivo Vetik «Соғыс көлеңкесіндегі ұлттық интеграция: Эстониядағы өзара қорқыныштардың «тұйық шеңберін» түсіндіру» тақырыбындағы баяндамасында ұсынды. Баяндамада ұлттық интеграция, қоғамдық қорқыныштар және қазіргі заманғы сын-қатерлер жағдайында қоғамның шоғырлану процестеріне ықпал ететін факторлар мәселелері қарастырылды.
Конференцияның екінші бөлімінде талқылау бірегейлікті қалыптастыру және таныту, өңірлік саясат пен заманауи коммуникативтік практикалар мәселелері аясында жалғасты.
▫️Дін және ұлттық құрылыс мәселелеріне ерекше назар аударылды. ФСДИ аға ғылыми қызметкері Дамира Сихимбаева Қазақстандағы ұлт қалыптастыру контексіндегі исламданудың интеграциялық және дезинтеграциялық үрдістеріне арналған зерттеуін таныстырды.
▫️Варшава университетінің (Польша) Шығыстану департаментінің профессоры, саясаттану ғылымдарының докторы Анджей Вежбицки ұлттың пайда болуы, ұлттық бірегейлік және ұлт қалыптастыру процестері мәселелерін қарастырды.
▫️Шанхай шетел тілдері университетінің профессоры Fabio De Leonardis зәйтүн майы бренді арқылы итальяндық және апулиялық бірегейліктің патримониализациялануы туралы баяндама жасады. Өңірлік брендинг мысалында мәдени мұра мен жергілікті бірегейліктің заманауи әлеуметтік және коммуникациялық практикалардың бір бөлігіне айналу үдерісі көрсетілді.
▫️Тбилиси мемлекеттік университеті Саясаттану институтының профессоры, саясаттану ғылымдарының докторы Малхаз Мацаберидзе (Грузия) Грузияның Солтүстік Кавказ халықтарына қатысты саясатын қарастырды.
▫️Талқылаудың елеулі бөлігі қазіргі этносаралық коммуникациялардың аса сезімтал аспектілерінің бірі - өшпенділік тілінің мәселесіне арналды. ФСДИ жетекші ғылыми қызметкері Нүркен Айтымбетов 2026 жылы Қазақстанның төрт облысында жүргізілген және этносоциалдық қатынастар саласындағы «өшпенділік тілінің» көріністеріне арналған әлеуметтанулық зерттеу нәтижелерін таныстырды.
▫️Бұл тақырыпты Шымкент университетінің аға оқытушысы, әлеуметтік ғылымдар магистрі Шолпан Болғанбаева жалғастырып, Шымкент қаласы мен Түркістан облысында жүргізілген «Өшпенділік тілі әлеуметтік-мәдени мәселе ретінде» атты әлеуметтанулық зерттеудің нәтижелерін ұсынды.
Баяндамалар пікірталасшылардың сөз сөйлеуімен және ашық талқылаумен жалғасты. Қатысушылар Қазақстан өңірлеріндегі этносаралық қатынастардың қазіргі жағдайын, әлеуметтік-экономикалық және діни процестердің ықпалын, бірегейліктің трансформациясын, заманауи коммуникациялық практикаларды және ақпараттық ортада өшпенділік тілінің таралуын қарастырды.
Конференция қорытындысы бойынша қатысушылар этносаралық қатынастарды жүйелі түрде зерделеудің және ғылыми мониторингті дамытудың, сондай-ақ халықаралық және пәнаралық ынтымақтастықты кеңейтудің маңыздылығын атап өтті. Әртүрлі этникалық қауымдастықтардың өкілдері арасындағы сындарлы диалогты нығайтуға, коммуникациялық практикаларды жетілдіруге және өзара құрмет мәдениетін қалыптастыруға ерекше назар аударылды.