Философия, саясаттану және дінтану институты

Философия, саясаттану және дінтану институты

Философия, саясаттану және дінтану институты

Философия, саясаттану және дінтану институты

Қазақ философиясының көрнекті өкілі Әбдімәлік Нысанбаевты еске алуға арналған кеңейтілген отырыс
26.02.2026
Қазақ философиясының көрнекті өкілі Әбдімәлік Нысанбаевты еске алуға арналған кеңейтілген отырыс
2026 жылдың 26 ақпанында Философия, саясаттану және дінтану институтының Әлемдік және қазақ философиясы орталығында Ұлттық ғылым академиясының академигі, көрнекті ғалым, философия ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері Әбдімәлік Нысанбаевқа арналған кеңейтілген отырыс өтті.

Кеңейтілген отырыс ФСДИ бас директоры А.К. Садвокасованың кіріспе сөзінен басталды. Академиктің әріптестері мен шәкірттері проф. Т.Х.Ғабитов, проф. Г.Ж.Нұрышева, проф.Н.Л.Сейтахметова, проф. З.С.Айдарбеков, проф. Б.М.Сатершинов қатысып, оның ғылыми мұрасы мен адамгершілік болмысы туралы жылы естеліктерімен бөлісті.

Жиын барысында  Г.Г.Барлыбаева төрағалық етіп, 2027 жылы аталып өтетін 90 жылдық мерейтойына арналған іс-шараларды дайындау және өткізу бойынша ұйымдастырушылық мәселелерді белгіледі.

▪️Әбдімәлік Нысанбаев 1937 жылы 1 мамырда Қызылорда облысы, Сырдария ауданы, Қарауылтөбе ауылында дүниеге келіп, 2023 жылғы 21 ақпанда 86 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Ол бүкіл саналы ғұмырын отандық философия ғылымының дамуына арнады.

1961-1976 жылдары Қазақстан Ғылым академиясының Философия және құқық институтында ғылыми қызметтің барлық сатысынан өтіп, бөлім меңгерушісі болды. 1991-2011 жылдары Институт директоры қызметін атқарып, тәуелсіздік жылдарындағы қазақ философиясының институционалдық қалыптасуына тікелей басшылық жасады. 

Ғалымның зерттеулері диалектикалық логика, ғылым философиясы мен методологиясы, қазақ және түркі философиясы, әлеуметтік және саяси философия мәселелерін қамтыды. 570-тен астам ғылыми еңбек, 30 монография жариялап, 65 ғылым докторын, 100-ден астам ғылым кандидатын даярлады.

Ә.Нысанбаевтың бастамасымен 1991 жылы қазақ философиясы тарихы бөлімі ашылып, «Қазақ даласының ойшылдары» (4 том), «Қазақ философиясының тарихы» (5 том) сияқты іргелі еңбектер жарық көрді. Оның ғылыми жетекшілігімен «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында 62 томдық еңбектер топтамасы жарияланды.

Академик Ә.Нысанбаевтың ғылыми және қоғамдық қызметі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, Мемлекеттік сыйлықтармен, «Парасат», «Достық» ордендерімен және көптеген халықаралық марапаттармен атап өтілді.

Әбдімәлік Нысанбаев - халық пен мемлекетке адал қызмет еткен, қазақ философиясының институционалдық негізін қалыптастырған көрнекті тұлға. Оның ғылыми мұрасы мен рухани өнегесі ұрпақ жадында мәңгі сақталады.