ҚОҒАМ ТАЛАБЫ – ЗАҢ ҮСТЕМДІГІ

13.12.2023



ҚОҒАМ ТАЛАБЫ – ЗАҢ ҮСТЕМДІГІ

 

Саясат Бейісай,

Философия, саясаттану жән дінтану институтының

бас сарапшысы

 

 

Кейінгі кезде қоғамда орын алып отырған келеңсіз жәйттер ғалымдар назарынан тыс қалып отырған жоқ. Әлеумет арасындағы заң бұзушылық, жемқорлық пен бетімен кетушілік, қылмысқа баруы, жұртшылықтың ашу-ызасын тудырып, кейбір шенеуніктерің бетімен кетушілігі наразылық тудыруда. Әсіресе билік төңірегіндегі, «Болашақ» бағдарламасымен оқып шыққан кейбір азаматтардың ел сенімін ақтамай, ұятқа қалдыруы секілді қисынсыз әрекеттер орын алып отырғаны қынжылтады.

Президент Қ.Тоқоқаевтың осы тұрғыда қоғамдағы маңызды мәселелердің бірі - заң бұзушылық, тәртіп пен жемқорлықтың орын алуына орай ұшырасып жатқан келеңсіз жәйттерді болдырмау шараларын қолға алып, осындай құбылыстармен белсенді күресуді қадап айтты. Бұл мәселеде тек құқық қорғау орындарының өкілдері ғана күресіп қоймай, ондайларға қоғам болып қарсы тұру қажет. Заң мен талап, тәртіп баршаға бірдей. Осы тұрғыда адал қызмет атқарып, білім мен ғылымды өркендетуге барынша атсалысып жүрген ғалымдар назарын қоғамдық тәртіп пен алаяқтық, жемқорлық, түрлі қылмыс секілді жәйттерге қарсы тұрып, жұртшылықты адал қызмет етуге шақырады.

Бағамдап отырсақ, аз ғана уақыт ішінде министр болған, әр аймақта әкім болған кейбір лауазым иелері білгенін істеп, қоғамда тәртіп бұзып, бетімен кетуі, алаяқтыққа баруы ел назарына ілігуде. «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» демекші, зиялы қауымның өкілі дейтін, ел назарында жүрген осындай адамдардың бүкіл қоғамға кір келтіріп отырғаны ұят нәрсе.

Осы орайда айта кететін бір жәйт, әсіресе жастар арасында рухани құндылықтарды санасына сіңіріп, ғалымдар ме оқымыстылар өскелең ұрпақты дұрыс бағытта тәрбиелеу шарасын басты назарды ұстауы қажет. Мектепте, жоғары оқу орындарында, білім мен тәрбие берудің қай саласында болсын өскелең ұрпақтың дұрыс жолда тәрбиеленуін, сапалы білім алуын қадағалап, сол бағытта жол көрсетуі басты парыз.

Әрбір ұжым, әрбір мекеме жарқын болашақ үшін өз арасында лайықты орта қалыптастырып, дұрыс бағыт қалыптастыруы керек. Тәртіп пен тұрақтылық берік орын алған жерде келеңсіз көріністерге орын жоқ. Мемлекет басшысы атап өткеніндей, заң мен тәртіп қағидаты қоғамның темірқазығына айналуы тиіс. Ғалымдар мен зиялы қауым осыны қалайды. Сол үшін өз үлестерін қосып, қисынсыз қылықтарға жол бермейді.

 

«Егемен Қазақстан» газеті № 238 (30717) 13 желтоқсан 2023 жыл