ФСДИ мен Тегеран университеті ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды
14.10.2025
Көріністер: 486
2025 жылғы 14 қазанда ҚР ҒЖБМ Философия, саясаттану және дінтану институты мен Тегеран университеті (Иран Ислам Республикасы) арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қою рәсімі өтті.
Кездесу барысында ФСДИ Бас директоры Айгүл Садвокасова мен Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы Бас консулдығының атташесі Хоссейн Ағазада екіжақты өзара іс-қимыл перспективаларын талқылап, Қазақстан мен Иран арасындағы ғылыми және мәдени байланыстарды тереңдетудің маңыздылығын ерекше атап өтті.
Меморандум аясында бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын жүзеге асыру, халықаралық конференциялар, семинарлар мен дөңгелек үстелдер ұйымдастыру, сондай-ақ академиялық алмасулар қарастырылған. Тараптар философия, дінтану, саясаттану, мәдениетаралық диалог және гуманитарлық зерттеулер сияқты бағыттарға басымдық беруге ниетті.
Құжатқа қол қою екі ел арасындағы ғылыми дипломатия мен мәдени ынтымақтастықты нығайту жолындағы маңызды қадам болды. Ғаламдық сын-қатерлер мен өзгерістер жағдайында тұрақты даму, рухани құндылықтар, төзімділік және өңірлік тұрақтылық мәселелері бойынша бірлескен жұмыс ерекше өзектілікке ие.
ФСДИ мен Тегеран университеті арасындағы ынтымақтастық қазақстандық ғылымды халықаралық академиялық кеңістікке интеграциялауға жаңа мүмкіндіктер ашып, екі елдің ғылыми әлеуетін ілгерілетуге қосымша серпін береді.