Институт визуалдық стилін жаңартты: ФСДИ жаңа логотипі
27.11.2025
Көріністер: 172
Философия, саясаттану және дінтану институты өзінің ғылыми миссиясын, тарихы мен негізгі құндылықтарын бейнелейтін жаңартылған логотипін ұсынады. Елдің жетекші ғылыми орталығы ретінде Институт қоғамның дүниетанымына, рухани құндылықтарына және әлеуметтік-саяси дамуына ықпал ететін үрдістерді зерттеп, интеллектуалдық бағдар қалыптастыруды жалғастырып келеді. Философия, саясаттану және дінтану салаларын бір арнаға тоғыстыра отырып, Институт ғылыми мәдениетті нығайтуға және кемел азаматтық қоғамды дамытуға үлес қосуда.
Жаңа логотип классикалық академиялық шеврон үлгісінде орындалған. Бұл - мекеменің сабақтастығын, тұрақтылығын және ғылыми беделін айқындайтын символ. Композицияның ортасында орналасқан «Таным ағашы» адамзат ой-тұжырымдарының дамуын және институттың негізгі үш бағытының бірлігін бейнелейді. Ағаштың тарамдалған бұтақтары ғылыми мектептердің, идеялар мен көзқарастардың алуан түрлілігін, сондай-ақ гуманитарлық ғылымдардың өзара байланысын көрсетеді.
Композицияның төменгі бөлігіндегі ашық кітап - білімнің, академиялық даналықтың және ақиқатты іздеудің жалпыға ортақ нышаны. Ол Институттың білім беру және зерттеу миссиясын айқындайды. Таным ағашының үстінде орналасқан төрт қырлы жұлдыз – ғылыми ізденістің бағдаршамы, ағартушылық пен рухани кемелденуге ұмтылыстың белгісі. Логотипті қоршап тұрған сопақша жиекте (овалда) Институттың толық атауы мен құрылған жылы - 1958 - көрсетілген. Бұл мекеменің ұзақ жылдар бойы отандық ғылыми ойдың дамуына қосқан елеулі үлесін және тарихи сабақтастығын айқындайды.
Жаңа логотиптің таныстырылымы Институттың визуалдық стилін жаңартудағы маңызды қадам болып, оның ғылыми және қоғаммен байланыс кеңістігіндегі беделін одан әрі арттырады.