Философия, саясаттану және дінтану институты

Философия, саясаттану және дінтану институты

Философия, саясаттану және дінтану институты

Философия, саясаттану және дінтану институты

Қазақстан Республикасы күніне арналған қазақ–француз сарапшылар дөңгелек үстелі
17.10.2025
Көріністер:  505

Қазақстан Республикасы күніне арналған қазақ–француз сарапшылар дөңгелек үстелі
2025 жылдың 17 қазанында «Қазақстан – Республика күні мерекесін атап өтудің мағыналарын интерпретациялау және цифрлық дәуірдегі тарихи жады. Қазақстан – Франция: екіжақты ғылыми ынтымақтастықтың әлеуеті» тақырыбында қазақ-француз сарапшылар дөңгелек үстел отырысы өтті. Іс-шара Республика күніне орай Институттың Саяси салыстырмалы зерттеулер орталығының ұйымдастыруымен өткізіліп, Қазақстан мен Франция арасындағы гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар саласындағы ғылыми-академиялық әріптестікті нығайтуға бағытталды.

Кездесу барысында қатысушылар тарихи жадыны қайта пайымдау, ұлттық мерекелердің мемлекеттік бірегейлікті қалыптастырудағы рөлі, сондай-ақ Қазақстан мен Франция арасындағы тұрақты ғылыми байланыстарды дамыту мәселелерін талқылады.

•  Іс-шараны ашқан Институттың Бас директоры Айгүл Садвокасова құттықтау сөзінде француз ғылыми және академиялық қауымдастығы өкілдерінің дөңгелек үстел жұмысына белсенді қатысуы – екі ел арасындағы тұрақты әрі серпінді дамып келе жатқан серіктестіктің жарқын көрінісі екенін атап өтті. Өз сөзінде 2022 жылдың желтоқсанында Парижде қол қойылған Жоғары білім және ғылыми зерттеулер саласындағы ынтымақтастық туралы Декларацияның маңызына ерекше тоқталды. Аталған құжат аясында Франциядағы Орталық Азияны зерттеу институты қазақстандық және француз зерттеушілерінің академиялық мобильдігін қолдап келеді. Сонымен қатар, А.Садвокасова 2023 жылдың қыркүйек айында Париждегі Ұлттық шығыс тілдері және өркениеттер институтында (INALCO) қазақ тілі пәні оқытыла бастағанын, ал 2025 жылдың ақпанында Қазақстан Республикасының Франциядағы Елшілігі INALCO мен BULAC – Ұлттық тілдер және өркениеттер кітапханасына қазақ тілі мен Қазақстанның тарихы мен мәдениетіне қатысты оқу құралдары мен әдебиеттерді ресми түрде табыстағанын еске салды. Бұл бастамалар мәдениетаралық диалогты тереңдетіп, француз ғылыми ортасында Қазақстанға деген қызығушылықты арттыруға жол ашты.

Дөңгелек үстелдің модераторы, Саяси салыстырмалы зерттеулер орталығының директоры Айдар Әмребаев өз кезегінде тарихи жады, республиканизм идеялары мен азаматтық бірегейлік мәселелері бойынша ғылыми диалогты жалғастырудың маңызын атап өтті. Сондай-ақ қазақстандық және француз зерттеу институттары арасындағы сараптамалық ынтымақтастықты одан әрі тереңдету қажеттігін жеткізді.

Кіріспе баяндамалар мен пікірталас бөліміне Франция мен Қазақстанның жетекші ғалымдары қатысты. INALCO институтының Орталық Азия тарихы мен өркениеті бойынша профессоры Катрин Пужоль Республика күнінің философиялық және қоғамдық маңызын атап өтіп, оны өзін-өзі тану мен ортақ құндылықтарды қалыптастырудың символы ретінде сипаттады. Сонымен қатар, қазіргі гуманитарлық білім беру тәсілдерін жаңарту қажеттігімен бөлісті.

Sciences Po Халықаралық зерттеулер орталығының ғылыми қызметкері, профессор Вера Агеева-Грантцева Қазақстандағы жады саясатының 2020 жылдан кейінгі трансформациясына талдау жасады. Ол тарихи нарративті қайта қарау, жаңа оқулықтар әзірлеу, музей ісін дамыту және тарихи кино өндірісін кеңейту арқылы ұлттық бірегейлікті күшейту үдерістерін атап өтті.

ФСДИ ғылыми қызметкері Фархад Қасенов өз баяндамасында Қазақстандағы республиканизм идеясының дамуын және француз саяси тәжірибесінің елдің мемлекеттік құрылымына ықпалын жан-жақты саралады. Ол тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде республиканизм тұжырымдамасы еліміздің саяси-идеялық бағдарын айқындауда маңызды рөл атқарғанын атап өтті. Француз республикашылдығының кейбір қағидаттары, атап айтқанда билік тармақтарының тепе-теңдігі мен азаматтық жауапкершілікке негізделген басқару принциптері, Қазақстанның 1995 жылғы Конституциясынан орын алғанын мысал ретінде келтірді. Зерттеушінің пікірінше, бұл идеялар саяси институттарды құруда және мемлекеттілікті нығайтуда өзіндік үлесін қосуда.

Институттың бас ғылыми қызметкері Рүстем Қадыржанов Францияның Батыс академиялық дәстүрінде Орталық Азияны зерттеудегі ерекше рөлін атап өтіп, француз ғылыми мектебінің аймақтың мәдени, саяси және діни үдерістерін түсінуге қосқан үлесін жоғары бағалады.

Sciences Po зерттеушісі Байрам Балчи Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында орнықты мемлекетке айналып, түркі әлеміндегі танылған көшбасшы ретінде қалыптасқанын айтты. Ол Түркиямен мәдени жады мен тарихи мұра бағытындағы ынтымақтастықты маңызды фактор ретінде атап өтіп, Қазақстанның халықаралық саяси-экономикалық процестердегі медиатор ретіндегі рөлін ерекше бағалады.

Пари-Сакле университетінің оқытушысы Адриен Фов Қазақстан мен Франциядағы тарихи оқиғалардың идеялық үндестігін атап көрсетіп, бұл ұқсастықтар екі ел арасындағы ғылыми байланыстарды кеңейтуге мүмкіндік беретінін айтты. Саяси режимдердің трансформациясы, тарихи жады және білім беру саласындағы бірлескен жобалардың келешегі зор екенін атап өтті.

ҚР жанындағы ҚСЗИ бас ғылыми қызметкері, Коллегиум де Лион стипендиаты Жанна Кәрімова Республика ұғымын білім беру, мемлекеттік қызмет және ұлттық қауіпсіздік институттары арқылы берілетін құндылықтар жиынтығы ретінде қарастыратынын жеткізді. Сонымен қатар, ол халықаралық ынтымақтастық үшін ашық алаң ұсынатын еуропалық ғылыми платформалар, соның ішінде Еурокомиссия жобалары аясында бірлескен зерттеулер жүргізу мүмкіндіктеріне тоқталды.

ФСДИ бас ғылыми қызметкері Асқар Шоманов цифрлық технологиялардың тарихи жадыға әсерін саралап, жаһандық ақпараттық кеңістікте ұлттық нарративті сақтау мен жаңғыртудың өзекті екеніне назар аударды.

Институттың ғылыми қызметкері Тленчиева Шырын «Қазақстан халқының бақытына әсер ететін факторларды аймақтар бойынша салыстырмалы талдау» жобасы аясындағы жүргізілген жұмыстармен таныстыра келе, әртүрлі елдердің әл-ауқатының деңгейін салыстыру нәтижелерін ұсынды. Сонымен қатар, Қазақстандағы бақыт пен макроэкономикалық көрсеткіштердің әсеріне талдау нәтижелерін және анықталған жалпы үрдістер мен айырмашылықтарды атап өтті.  

Кездесу соңында қатысушылар дөңгелек үстел тақырыптарының өзектілігін атап өтіп, ғылыми ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге ниетті екендерін білдірді. Академиялық алмасуларды күшейту, бірлескен ғылыми жобаларды іске асыру және халықаралық гранттық бағдарламаларға қатысу – екіжақты әріптестікті нығайту бағытындағы нақты қадамдар ретінде айқындалды. Мұндай форматтағы кездесулер Қазақстан мен Францияның зерттеу қауымдастықтары арасында өзара түсіністік пен серіктестікті тереңдетуге, ортақ гуманитарлық кеңістік қалыптастыруға жол ашады.

← Тізімге қайту