Философия, саясаттану және дінтану институтының ұжымы ЖАБАЙХАН МҮБӘРӘКҰЛЫ ӘБДІЛДИННІҢ өмірден өтуіне байланысты оның отбасы мен жақындарына, барша ғылыми қауымдастыққа көңіл айтады.
03.12.2025
Көріністер: 258
Философия, саясаттану және дінтану институтының ұжымы көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, әлемдік деңгейдегі ғалым, философия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі ЖАБАЙХАН МҮБӘРӘКҰЛЫ ӘБДІЛДИННІҢ өмірден өтуіне байланысты оның отбасы мен жақындарына, барша ғылыми қауымдастыққа көңіл айтады.
Жабайхан Мүбәрәкұлы – отандық гуманитарлық ғылымның, оның ішінде қазақ философиясының дамуына өлшеусіз үлес қосқан бірегей тұлға, «Алматы диалектикалық логика мектебінің» негізін қалаушы.
Академик Ж.М. Әбділдин ұзақ жылдар бойы (1973–1984 жж.) біздің Институтты (сол кездегі Философия және құқық институты) басқарып, қазақстандық ғылымды халықаралық аренаға шығарды. Оның жетекшілігімен жүргізілген 4 томдық «Диалектикалық логика» секілді іргелі зерттеулер ғылым тарихындағы елеулі оқиға болды.
Ғалымның қаламынан туған «Гегель философиясындағы бастама мәселесі», «Канттың логикалық ілімі», «Нақты ғылымдардың логикасы мен методологиясы» сияқты еңбектері философиялық ойдың алтын қорына енді. Ол Тәуелсіз Қазақстанның Парламент Сенатының депутаты ретінде еліміздің заң шығару саласына зор еңбек сіңірді.
Абзал азамат, ұлағатты ұстаз, ғұлама ғалым Жабайхан Мүбәрәкұлының жарқын бейнесі мен соңына қалдырған мол мұрасы біздің жадымызда мәңгі сақталады. Арты қайырлы, топырағы торқа, жатқан жері жайлы болсын!
ҚР ҒЖБМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институтының ұжымы