ЖОО мен ҒЗИ басшыларының кеңейтілген жиыны
20.12.2025
Көріністер: 159
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның қатысуымен жоғары оқу орындарының ректорлары мен ғылыми-зерттеу институттары директорларының кеңейтілген жиыны өтті.
Іс-шара барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ғылым мен жоғары білім саласын дамытуға қатысты жүктеген негізгі міндеттері талқыланды. Атап айтқанда отандық ғылымның бәсекеге қабілеттілігін арттыру, ғылыми зерттеулердің сапасын көтеру, университет ғылымын өндіріс пен қоғам қажеттілігіне бағыттау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Еркін форматта ұйымдастырылған кездесуге ҚР ғылым және жоғары білім министрінің орынбасары Гүлзат Көбенова, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов қатысты.
Жиында вице-премьер Аида Балаева ғылым мен жоғары білім елдің стратегиялық дамуының маңызды тірегі екенін атап өтіп, бұл салада жүйелі реформаларды іске асырудың маңыздылығына тоқталды. «Ғылым мен жоғары білім – елдің тұрақты дамуының негізгі тірегі. Университеттер мен ғылыми ұйымдар елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына нақты үлес қосатын орталыққа айналуы тиіс. Сондықтан нарыққа бейімделіп жұмыс істеу заман талабы», – деді Аида Ғалымқызы.
Жиын жұмысына ФСДИ бас директоры Айгүл Садвокасова да қатысты.
Отырыс соңында қатысушылар ғылым мен жоғары білім саласын одан әрі дамытуға бағытталған ұсыныстарын білдіріп, университеттер мен ғылыми-зерттеу институттары арасындағы ынтымақтастықты күшейтудің маңыздылығын атап өтті.