ФСДИ Ғылыми кеңесінің отырысы өтті: назарда - ғылым мен даму
2025 жылдың 28 мамырында Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитетіне қарасты Философия, саясаттану және дінтану институтының Ғылыми кеңесінің отырысы өтті. Отырыс модераторы ретінде Институттың ғылыми хатшысы Динара Жанабаева сөз сөйледі.
Отырыста Ғылыми кеңестің жаңа жеке құрамы талқылауға ұсынылды. Қысқаша пікір алмасудан кейін жаңа құрам ашық дауыс беру арқылы бекітілді.
Ғылыми кеңес төрағасы ретінде Институттың бас директоры Айгүл Садвокасова, ал төраға орынбасары ретінде бас директордың орынбасары Шолпан Жаманбалаева бекітілді.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің 2023-2025 жылдарға арналған бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру және іргелі зерттеулер шеңберінде жүргізілетін ғылыми-зерттеу жобаларын іске асыруды талқылау барысында Бас директордың ғылыми жұмыс жөніндегі бірінші орынбасары Шолпан Жаманбалаева баяндама жасады. Өз сөзінде қол жеткізілген нәтижелер, жобалардың ағымдағы жағдайы және одан әрі ғылыми қызметтің перспективалары туралы ақпаратты ұсынды.
Институт Бас директорының орынбасары Ұлес Нысанбек жобаларды іске асырудың қаржылық қорытындыларын таныстырып, экономикалық болжамдар мен қолданыстағы бағдарламалар шеңберіндегі даму бағыттарын атап өтті.
Сондай-ақ отырыс барысында келесі ішкі нормативтік құжаттар қаралып, бірауыздан мақұлданды:
· Институтта докторанттардың өтеусіз негізде ғылыми-зерттеу тағылымдамасынан өту тәртібі туралы Ереже;
· Ғылыми зерттеулердің сапасы мен этикасы жөніндегі комиссия туралы Ереже және комиссия құрамы.
Қосымша мәселелер бойынша Ғылыми кеңес мүшелерінің алдында институттың бас ғылыми қызметкері, экономика ғылымдарының докторы Вячеслав Додонов сөз сөйледі. Ол өзінің ғылыми монографиясының мазмұнын таныстырып, қатысушылар еңбектің ғылыми деңгейі мен өзектілігін жоғары бағалады.
Отырыстың соңында қоғамдағы этносаралық келісім мен диалогты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін Институттың бас ғылыми қызметкері Зарема Шәукеноваға Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған мерейтойлық медалі табысталды.