ФСДИ ғалымдары «Жазушылардың әдеби шеберлік мектебі» жобасы аясында дәріс өткізді
21.08.2025
Көріністер: 1611
2025 жылдың 21 тамызында «Жазушылардың әдеби шеберлік мектебі» шығармашылық жобасы аясында Философия, саясаттану және дінтану институтының (ФСДИ) ғалымдарымен дәрістік кездесу өтті. Шара қазіргі Қазақстанның қоғамдық үдерістері мен мәдени бірегейлігін терең түсінуге ұмтылатын жас қаламгерлердің зияткерлік және шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған маңызды қадам болды.
Іс-шараны ФСДИ Бас директоры, әлеуметтану ғылымдарының докторы Айгүл Садвокасова ашты. Құттықтау сөзінде ол жазушының - тек көркем сөз шебері ғана емес, сонымен бірге қоғамдық сананы қалыптастыратын және рухани негіздерді ой елегінен өткізетін ойшыл екенін атап өтті.
Кездесу барысында институттың жетекші ғалымдары мазмұнды баяндамаларымен бөлісті:
* Серік Нұрмұратов, философия ғылымдарының докторы, профессор, Әлемдік және қазақ философиясы орталығының директоры «Қоғам руханиятының терең қырлары: танымдық негіздер» атты дәрісінде руханияттың философиялық іргетасы, оның ұлттық сана мен әдеби дүниетаным қалыптастырудағы маңызын кеңінен талдады.
* Алмасбек Шағырбай, PhD, Дінтанулық зерттеулер орталығының директоры, «Дін саласындағы мемлекеттік саясат тұжырымдамасы. Елімізде тіркелген діни бірлестіктер» атты баяндамасында Қазақстандағы діни көптүрлілік мәселелері мен мемлекет пен діни ұйымдар арасындағы өзара іс-қимыл тетіктерін жан-жақты қарастырды.
* Нұркен Айтымбетов, PhD, Салыстырмалы саяси зерттеулер орталығының жетекші ғылыми қызметкері «Ұлттық бірегейлік және саяси мәдениет: азаматтық пен этникалық парадигмалар тоғысында» тақырыбындағы дәрісінде ұлттық бірегейліктің түрлі модельдері, саяси мәдениет және олардың қазіргі қоғамдағы рөлі жөнінде өзекті мәселелерді қозғады.
Дәрістердің мазмұны - руханият философиясынан бастап дін саласындағы мемлекеттік саясат пен әлеуметтік-мәдени трансформацияларға дейінгі кең ауқымды қамтыды. Шараның шығармашылық атмосферасын спикерлер мен тыңдаушылар арасындағы еркін әрі мазмұнды диалог ерекше толықтырды. Қатысушылар өз ой-пікірлерімен белсенді бөлісіп, терең сұрақтар қойды.
Кездесу барысында ерекше сәттердің бірі - қатысушылардың дәрістерден алған әсерімен шабыттанып, бірлесіп экспромт түрде өлең жолдарын құрастыруы болды. Бұл сәт ғылым мен өнердің үйлесімді тоғысуының жарқын көрінісіне айналды.
Іс-шара жылы, зияткерлікке толы ортада өтті. Спикерлер тыңдаушылардың белсенділігін, ой тереңдігін және әдеби шығармаларын мағыналық-философиялық мазмұнмен байытуға деген ұмтылысын ерекше атап өтті.
«Жазушылардың әдеби шеберлік мектебі» жобасы өз жұмысын табысты жалғастыруда. Жоба ғылым мен шығармашылықты ұштастыра отырып, қатысушыларға кәсіби және рухани дамудың жаңа бағыттарын ашуға мүмкіндік беруде.