Сыр өңірінде республикалық ғылыми-сарапшылық кеңестің отырысы өтті
08.10.2025
Көріністер: 1084
2025 жылғы 8 қазан күні Қызылорда қаласында ел тарихындағы екі маңызды мерейтой - Қызылорданың астана болғанына 100 жыл және Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған «Дәуірлер тоғысындағы Сыр өңірі: тарих және тағылым» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Іс-шара аясында республикалық ғылыми -сарапшылық кеңестің отырысы ұйымдастырылды. Конференцияны Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасы, «Қоғамдық келісім» КММ және Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті бірлесіп өткізді.
Секция отырыстарына еліміздің әр өңірінен келген тарихшылар, ғалымдар, докторанттар, педагогтер мен өлкетанушылар қатысты.
Жиында Сыр өңірінің тарихи даму кезеңдері, Қызылорданың астаналық мәртебесі, Алаш зиялыларының ел дамуына қосқан үлесі, сондай-ақ археологиялық және мәдени мұраларды сақтау мәселелері жан-жақты талқыланды.
Кеңес жұмысына ҚР ҒЖБМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институтының Бас директоры, әлеуметтану ғылымдарының докторы, ҚХА ғылыми-сараптамалық кеңесінің төрағасы Айгүл Садвокасова қатысып, мазмұнды баяндама жасады.
Өз сөзінде ол жастарды этносаралық қатынастар саласына белсенді тарту, цифрлық ортада сарапшылық қызметті дамыту, сондай-ақ жас ғалымдардың ғылыми кеңес жұмысына қатысуының маңызын атап өтті. Сонымен қатар, этнодемографиялық және этнодинамикалық үрдістерді зерттеу, қоғамдағы келісім мен бірлікті нығайтуға бағытталған ғылыми жобаларды жүзеге асыру жөніндегі бастамаларға тоқталды.
Айгүл Кәкімбекқызы Кеңестің ұлттық бірегейлікті қалыптастыру ісіндегі ғылыми негізге сүйенген бастамалары мен қоғам дамуына қосып келе жатқан үлесін айрықша атап өтіп, бұл бағыттағы жүйелі жұмыстардың жалғасын табатынын жеткізді.