Әскери полиция сарбаздарымен кездесу
30.01.2026
Көріністер: 234
ФСДИ Дінтанулық зерттеулер орталығының басшысы Алмасбек Шағырбай Алматы өңірлік гарнизоны Әскери полиция басқармасының сарбаздарымен қоғамдық және әлеуметтік мәселелерге арналған кездесу өткізді.
Кездесу барысында қазіргі қоғамда өзекті болып отырған лудомания мәселесі және оның отбасыға, қоғамға әрі жеке тұлғаға тигізетін ауыр зардаптары туралы кеңінен айтылды. Сонымен қатар А.Шағырбай қасиетті төрт кітаптағы ортақ құндылықтарға тоқталып, ислам шариғатында өзіне қол жұмсауға қатаң тыйым салынғанын, мұндай әрекеттің рухани, психологиялық және әлеуметтік тұрғыдан аса қауіпті екенін түсіндірді.
Алмасбек Дүйсенбекұлы өз сөзінде сарбаздарға адам өмірінің маңыздылығы, ұрпақтар сабақтастығы, батыр бабаларымыздан қалған аманат, сондай-ақ ойынға тәуелділіктің адам өміріне тигізетін кері әсері жөнінде тағылымды ойларымен бөлісті. Сондай-ақ тәуелділіктің алдын алу және одан арылудың тиімді жолдары, рухани-адамгершілік құндылықтарды сақтаудың маңыздылығы атап өтілді.
Кездесу соңында ислам дінінің өмірді қадірлеуге, қиындықтарға төтеп беруде рухани қолдауға жүгінуге үндейтіні айтылып, болашақта әлеуметтік сауаттылықты арттыруға бағытталған осындай кездесулердің маңыздылығы ерекше атап айтылды.